К І Т А П Кейде болмай,кейде жүрген жолы боп, Мен сен үшін кітап едім томы көп, Кіріп кетіп оқымасаң ішіме, Жанымды оңай түсінудің жолы жоқ... Қолыңа ұста! Парағымды қал ашып, Тараулар тұр тараулармен таласып, Көрсін мынау, көрсін мынау әлемді, Жүрегіңе жол жалғаған қарашық! От-шуақтың жарқ-жұрқ етіп мыңы іштен, Күннің нұры сипалайды күміспен, Сыр айтатын кәусарының тілінде, Жаухар құйып тастағандай кіріспем! Бірде арулар бөктерімнен гүл санап, Бірде қалар көмкеріліп ұлпаға ақ, Дала құсап сыр шертеді тағдырым, Бір параққа ауысқанда бір парақ! Тараулардың сырылары көп үзік сан, Жай тұрған жоқ үтір, нүкте, сызықшам... Жүрегіңе жақын бола алмаспын, Тек қызықты беттеріме қызықсаң! Осы жайлы айтып едім саған көп, Енді міне, өзегімде өрт, санамда от... Мен де жұқа кітапша боп шықпадым, Сен де дұрыс оқымадың адам боп... Өз қалауың том, бөлімің көп десең, Өз өмірім! Мен сол үшін от кешем, Қиналмай-ақ ұғар едің ортасын, Екі-үш беттен аттап өтіп кетпесең... Мүмкін саған кітап деген тек әріп, Анда-санда қолға алатын демалып. ...Оқып-оқып отырдың да бір күні, Отқа апарып тастай салдың мені алып! Ертегіде болады ғой кейде анау, Сол сияқты «өртенбейсің» дейді алау. Әңгімемді неге кеттің менсінбей, Қызық жері алда еді ғой, бейбақ-ау! Мен жанбадым...Күйе болды сәл бетім, Жалғыз ғана жаралылау жан жетім. Жәәә...Мені де оқып көрер бір күні, Көңілінде көктемі бар әлдекім... Кейде болмай,кейде жүрген жолы боп, Мен сен үшін кітап едім томы көп, Отқа тастап кетіп қалған өзіңсің, Енді мені қайтарудың жолы жоқ... Рахат Әбдірахманов 15.10.2016 Астана

Теги других блогов: оқу өмір кітап